Аймақтар • 04 Қаңтар, 2024

Оралдағы дәмханада газ жарылып, өрт шықты

65 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін түнде Оралдағы дәмхана ғимаратында газ жарылып, өрт шықты. Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін жедел желі жұмысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралдағы дәмханада газ жарылып, өрт шықты

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне оқиға туралы мәлімет 4 қаңтар сағат 02:07-де түскен. Белгілі болғандай, Орал қаласы Сырым Датов көшесі 52 мекенжайындағы «RIZYQ» дәмханасында өрт шыққан. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына сағат 02:17-де жеткен.

«Екі қабатты «RIZYQ» дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Ғимараттың 110 шаршы метр аумағы қирап, 25 шаршы метр аумағында өрт шыққан. Өрт сағат 02:40-та сөндірілді. Оқиға орнында №1 МӨСБ, № 2 МӨСБ, № 8 ӨСБ, № 5 ӨСБ, өрт сөндірудің кезекші қызметі, жеке құрамнан 39 адам және 13 техника бірлігі, жедел құтқару жасағы құтқарушыларынан 8 адам және 2 техника жұмылдырылды. Жедел медициналық жәрдем бригадасынан 18 адам, 6 бірлік техника, полиция департаментінен 28 адам, 7 бірлік техника жұмыс істеді», делінген жергілікті ТЖД мәліметінде.

Сондай-ақ оқиға орнына БҚО ТЖД басшылығы, «ӨС және АҚЖҚ» ММ, облыс әкімдігі және ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті өкілдері барған. Қазір ТЖД және облыс әкімдігінің қызметкерлері қираған үйінділерді тазартып жатыр.

Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр.